«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының ұжымы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауын тыңдады.

Бүгінгі қоғамның бірқатар өзекті мәселелерін шешуге бағытталған Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуда заманауи міндеттерді жүзеге асыру жоспарланған. Олардың қатарында еліміздің білім беру саласына қатысты міндеттер де қамтылған.

Орта білім саласын «табысты ұлт болудың маңызды шарты»  деп бағалайтын Мемлекет басшысы елімізді жайлы мектептермен қамтамасыз етуді басты міндеттердің қатарында атап өтті. 2025 жылдың соңына дейін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында заманауи технологиялармен және жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталған  217 заманауи мектеп салу жоспарланған. Сонымен қатар, бүкіл ел бойынша 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізілмек. Бұл ең алдымен оқушылар мен мұғалімдер үшін жасалатын қолайлы жағдай, үлкен мүмкіндік. Өскелең ұрпақтың білім алуына толыққанды жағдай жасалғанда ғана халқымыз табысты ұлт деңгейіне көтеріле алады және бұл білім саласындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыратын маңызды фактор. Биылғы Жолдауда ұстаздардың ғылыми ізденісі де назардан тыс қалмады.

Келесі жылы Астанада іске қосылатын «Жасанды интеллект» ұлттық орталығы оқушылар мен студенттер, ұстаздар мен ғалымдар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Президент бастамалары қоғам тарапынан қолдауға ие болып,  Жолдауда айтылған міндеттердің орындалуына атсалысамыз.

Еліміздің жарқын болашағы мен кемел келешегі үшін Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындау – әр азаматтың борышы деп білеміз.

«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты

жастарды анықтау және қолдау орталығы