Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы — халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Сондықтан заман, уақыт талабына орай Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасалуы үшін 2024 жылдың 26 сәуірінде қалалық «… Бір ғалымды көрсеңіз» Абай ғылыми жоба байқауы өтеді. Байқауды ұйымдастырушылар — «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы, Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы.
Абайдың мұрасын зерттеу арқылы оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру, ізденушілікке баулу мақсатында ұйымдастырылып отырған байқау 2 кезеңнен тұрады: сараптама және ғылыми жобаны қорғау.
Байқауға елордалық жалпы білім беретін мектептердің 9-10 сынып оқушылары этнолингвистика (8), әдебиет және этномәдениеттану (31) бағыттарынан жобаларын ұсынды.
Сараптамада 39 ғылыми жоба қаралып, 20 — сы байқаудың ғылыми жобаны қорғау кезеңіне жіберілді.
Қалалық «… Бір ғалымды көрсеңіз» Абай ғылыми жоба байқауы қатысушыларына сәттілік тілейміз!