2024 жылдың 26 наурызында «Астана дарыны» дарынды балалар мен
талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы №61 Қаныш Сәтбаев
атындағы мектеп-лицейімен бірлесе отырып қазақтың біртуар перзенті, ғұлама
ғалым, тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Әлем
таныған Қаныш» республикалық ғылыми-танымдық конференциясын өткізді.
Конференцияға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының
депутаты Алтынбек Нухұлы, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім
академиясының вице президенті Руслан Адилханович Қаратабанов, «Дарын»
республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының ұйымдастыру
қызметі жөніндегі орынбасары Нұрлан Мұғиынұлы Жұмагелді, Қазақстан
Жазушылар Одағының мүшесі, Сәтбаевтанушы-ғалым, Сәтбаев университеті
Тарихи музейінің бас маманы Аспандияр Әденұлы, Әдебиет тарихшысы,
сыншы, алаштанушы Заңғар Тілеуғазыұлы Кәрімхан, Ұлытау облысы
М.Төрегелдин атындағы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы
музейінің бөлім меңгерушісі Үрзия Қоянбаевна Қапарова және Астана
қаласының білім беру мекемелері, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Ұлытау
облыстарынан келген баяндамашылар қатысты.
Конференцияға келген қонақтар «Шаттық -2023» XVI қалалық
шығармашылық байқауының «Алтын медаль» иегері «Шабыт» оркестрінің
өнерін тамашалап, академик Қаныш Сәтбаев мұражайымен танысты. Ал мектеп
ұжымының қатысуымен дайындалған «Қазақтың Қанышы» сахналық
қойылымы көпшілік көңілінен шықты.
Пленарлық отырысты А. Нұхұлы құттықтау сөзімен бастап, 6 спикер
баяндама жасады.
Пленарлық отырыстан кейін конференция «Қазақстанның дамуындағы
ұлы ғалымның рөлі», «Қаныш Сәтбаев мұрасы: тарих, әдебиет, білім, өнер
саласы», «Қаныш және Алаш арыстары» секциялар жұмысымен жалғасты.
Конференцияда 33 спикер баяндама жасады.