«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы М.О. Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясымен бірлесе отырып 8-10 сынып оқушылары арасында «М.О. Әуезовтің рухани шәкірттері» аймақтық ғылыми жобалар байқауын өткізеді. Байқаудың мақсаты: мектеп оқушыларын жазушының әдеби мұрасымен таныстыру, насихаттау және зерттеу, ғылыми қабілеттерін арттыру, әдеби тіл байлығын кеңейту, жазушы шығармаларының рухани құндылығын жас ұрпақтың бойына сіңіру.Байқаудың іріктеу кезеңіне қатысуға Астана қаласы, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының мектептерінен 67 ғылыми жоба қабылданды. Сараптаманың қорытындысы бойынша 38 жұмыс келесі кезеңге өтті. Қалалық кезең 12 сәуір күні М.О.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында 3 секция бойынша өтеді:М.О.Әуезовтің әдебиеттану ғылымындағы орны; М.О. Әуезов және тарих;М.О. Әуезов және әлем әдебиеті. «М.О. Әуезовтің рухани шәкірттері» атты аймақтық ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының дипломдары және грамоталарымен марапатталады.