Елордалық 6 жасар жеткіншек «Отырар» дастанын жатқа айтады

Байжігіт Абзалбек – №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі­нің 1-сынып оқушысы. Көркемсөз, тарихи шығармалар оқуға ықыласы зор. 6 жасында Мұхтар Шахановтың «Отырар» дастанын толықтай жаттап алған, деп хабарлады Elorda.info.

Байжігіт кішкентайы­нан тарихқа құмар болып өскен. Батырлардың ерлігі туралы мақтанышпен айтады.

«Отырар» дастанын теледидардан кино көріп отырып, жаттап алдым. Бұл дастанның мазмұны қатты ұнады. Жалпы батырлар туралы және тарихи мультфильмдерді көп көремін. Алғаш көрген мультфильмдерімнің бірі – «Алдар көсе». Одан кейін «Батырлар» мультфильмін бастадым. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Райымбек, Естембек, Қарасай батырлардың ерліктеріне қызықтым. Содан кейін «Томирис», «Қарасай батыр», «Жау­жүрек мың бала» киноларын көрдім. Қазір «Кейкі мергенді» тамашалап жүрмін. Барлығын көріп болған соң әкеме мазмұнын айтып, бірге талқылаймыз, — дейді ол.

Өзінің айтуынша, негізі өлеңді оқыған сәтте мазмұнын бірден түсініп алып, әкесіне әңгімелейді.

Әкем өлең оқу кезінде екпінін қою жағынан көмектеседі. Қазір Махамбет Өтемісұлының «Мен, мен, мен едім» деген өлеңін жаттап жүрмін. Бұл өлеңнің мазмұны бірден әсер қалдырды. Қараңызшы, «Исатайдың барында екі тарлан бөрі едім» деген жолдың өзінде ақын Исатай екеуінің ерекше батырлығын сипаттап тұр. Ал хан әскерін жіберіп, Исатайды өлтіріп тастады. Осыған ашынған Махамбет ханның бетіне ашынып айтып тұрғанын байқауға болады. Өлеңдегі ерекше рухтан әсерлендім, — дейді Байжігіт.

Анасы Әсемнің айтуынша, Байжігіт орысша сөйлегенді ұнатпайды.

Кейде бізді түзейді. Мен орысша оқығанмын, арасында орысша сөйлеп қоятыным бар. Бірде мынадай қызық болған. Машинада келе жатып, Байжігіт әкесіне «Амангелді Иманов орыстарға бағынып жүріп, тұтқиылдан шабуыл жасап, қазақ үшін жер жастанды ма?» деп сұрақ қойды. Мен «жер жастанды», «тұтқиылдан» деген сөздерді түсінбеген болып, әдейі қайта сұрадым. Сосын әкесі екеуі жабылып, маған түсіндіріп берген. Қазақша сөйлегенді жаны сүйеді. Орысша сөйлесек, бізді түзеп отырады, — деді ол.

Байжігіттің жеке кітап­ханасы бар. Ай сайын кітап дүкенінен арнайы кітап сатып алатынын айтты.

Қазір қазақ батырлары туралы кітап оқып жатырмын. Жақында ғана «Ертегілер» кітабын аяқтадым. Мектепте жаратылыстану пәнін жақсы көремін. Себебі мазмұндау­ды жаным сүйеді. Өлеңді екі рет оқып отырып, жаттап аламын. Сынып жетекшім Қаламқас апай да бұл жағынан көмектесіп отырады, — деді Байжігіт Абзалбек.

Бос уақытында Байжігіт түрлі үйірмелерге қатысады. Сондай-ақ қазақ тілін дамыту мақсатында TikTok желісінде әпкесі, анасы, үшеуі бірлесіп, пайдалы бейнежазбалар түсіреді.

Айгүл Иманбаеваның Өнер мектебіне барып жүрмін. Онда би, актерлік шеберлік, вокалға қатысамын. Бұдан бөлек, шахмат үйірмесі мен ағылшын тілін үйренуге де барып жүрмін. Сенбі-жексенбі түсіреміз. Сол үшін арнайы уақыт бөлеміз, сценарий бойынша жұмыс жасаймыз. Қазіргі балалар көбіне орысша сөйлейді. Ал біз қазақ тіліне деген көзқарасты TikTok арқылы өзгертсек деген мақсатта жүргізіп жүрміз. Балалардың қазақ тілінде сөйлеуге деген құлшынысын оятқымыз келеді. Бейнежазбада мақал-мәтелдер, жұмбақтар жасырамыз, өлең оқимыз, салт-дәстүрге байланысты қазақи ұғымдармен таныстырамыз. Одан бос уақытта далада Әмірхан, Әліби, Мағжан атты достарыммен аулада аққала жасап, қар атысып ойнаймыз, — дейді дарынды бала.

«Білесіз бе, менің ерекше хоббиім бар. Қылыштың коллекциясын жинағанды жақсы көремін. Үйде 50-ге жуық қылыш бар. Бір-біріне ұқсамайды. Оны не үшін жинайтынымды түсіндіре алмаймын. Батыр­лардың негізгі қаруы болғандықтан, қатты ұнайды. Биыл Аяз атаға сыйлыққа найза алғым келетінін жазған едім. Бірақ найза емес, айбалта сыйлады. Айбалта да ерекше қару екен» деп сөзін жалғады ол.

Байжігіт телефонды күнделікті хабар алысуға ғана пайдаланатынын айтты. 

Негізі, көп балалар телефоннан бас алмайды. Содан көзі көрмей ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан, телефонды көп қарамай, кітап оқу керек. Өзім күнделікті телефонды амандық-саулық білісуге 5-10 минут қолданамын. Телефонымның ішінде ешқандай ойын жоқ. Неге екенін білмеймін, мүлдем қызықпаймын, — деді ол.

Анасы Әсем Омар 1 жасынан бастап Байжігітке ертегі айтып бастаған. Ұлының екі рет оқыған өлеңді тез жаттап алатынын айтты.

Байжігітке 1 жасынан бастап, ұйықтарда ертегі айта бастадым. Бір-біріне ұқсамайтын ерекше ертегілерді ұнататын болды. Кішкентайынан алғыр, балабақшадан бастап, көркемсөз байқауларына қатысты. Сол кезден-ақ қабілетін байқадық. Мұқағали Мақатаевтың, Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жатқа оқиды. Сабағын өзі орындайды, тиянақты. Арасында ғана тексеріп отырамыз. Жазуы өте әдемі. Сабақтан келген бойда тапсырмаларын орындайды. Содан кейін ғана тамақ ішуге отырады. Өзі соны жақсы көреді, — деді анасы Әсем Омар.

Сынып жетекшісі Қаламқас Қабдырашитқызының айтуынша, Байжігіт сабақ кезінде сұрақ қойып, жауап бергенде сыныптастарымен қатар, мұғалімдерді де таңғалдырады екен.

Байжігіт – ерекше дарынды оқушылардың бірі. Оның ерекшелігі – сөз саптауында. Яғни, сабақ үстінде терең ойлы сұрақтарды қойып, сұрақтарға ересек адамдарша әдеби тілмен жауап береді. Тіпті, сыныптастары да «сен оны қайдан білесің?» деп сұрап жатқанын естиміз. Орыс тілі, музыка, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері де таңғалып жатады, — деді сынып жетекшісі.

  Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

https://kaz.elorda.info/elorda-yzdikteri/14933-elordalyk-6-zhasar-zhetkinshek-otyrar-dastanyn-zhatka-aitady/